ҚР-дағы АҚШ-тың Елшісі Қазақстандағы АҚШ-тың дипломатиялық миссиясының 25 жыл бойғы ынтымақтастық жұмысына жоғары баға берді

Ағымдағы жылдың 28  сәуірінде «КАЗГЮУ Университеті» АҚ-ға АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол келіп кетті. Елші ЖООның студенттері алдында «АҚШ пен Қазақстан Республикасы арасындағы 25 жылғы дипломатиялық байланыстар» тақырыбында қонақ дәріс өткізді.

Жоғары дәрежелі Дипломаттың КАЗГЮУ-ге сапары АҚШ пен Қазақстан арасында орнатылған 25 жылдық мерекеге арналған «25 жыл бірге» кампаниясы аясында өтті.

Д.Крол өз сөзінде атап өткендей, қазіргі кезде бүкіл әлемде тәуелсіз мемлекеттер арасындағы қатынастарда тұрақтылық мәселесі туындауда. Іс жүзінде Қазақстан – аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында үлкен әлеуеті бар, әрі тәжірибе жинақтаған ел. Сол тәжірибесі мен әлеуетін әлемдік қауымдастықта падалануы қажет. «Қазақстан Президентінің бітімгерлік  саясатының арқасында барлық алыс-жақын шетелдермен достық қарым-қатынастар орната алды»,- деп атап өтті Елші.

Сонымен қатар кездесуге келген қонақтардың бірі Дипломатия институның директоры, республиканың тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірінші сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Соғыссыз әлем» үндеухатында белгілеп берген бітімгерлік бастамашылдықтарына жоғары баға берді.

«Біз кезінде американдық әріптестеріміздің ядролық қарусыздандыру мәселесінде көрсеткен қолдауын қатты бағалаймыз. АҚШ республикамыздың тәуелсіздігін бірінші болып мойындағандардың бірі болды. Біз ядролық қаруды таратпау жөнінде бірқатар бірлескен жұмыстар атқардық»,- деп естеліктерімен бөлісті Т. Сүлейменов

Кездесу «КАЗГЮУ Университеті» АҚ мен АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігі арасындағы түсініспеншілік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен тамамдалды. КАЗГЮУ ректоры Т.Нәрікбаев құжатты жүзеге асыру екі ел арасындағы жоғары білім беру саласына жаңа серпін беретініне және америкалық серіктестерімен ЖООның іскери байланыстарының дамуына ықпалдасатынына назар аударды.

Поделиться с друзьями: