Бүгін KAZGUU-да “Желдің соғуы” деректі фильмі көрсетілді

Іс-шараны M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы мен Швейцарияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Кинокөрсетілім “Невада-Семипалатинск” қозғалысының отыз жылдығына орайластырылған. Британия режиссері Андре Зингердің туындысы суық соғыс заманында алып державалардың қырық жыл бойы ұлттық қауіпсіздік үшін өз халқын құрбан етіп, жер бетінен бүткіл ұлттарды жоюға қабілетті жойқын қаруды қалай жасағаны туралы баяндайды.

Бүкіл әлем үшін Қазақстанның ядроға қарсы бастамасының қаншалықты маңызды болғаны туралы өз пікірін Швейцарияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Урс Шмид, сондай-ақ ҚР СІМ орынбасары Роман Василенко және M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti-нің Провосы М. Дауленов білдірді.

Көрсетілімге қатысу үшін Астанаға туындының басты кейіпкерлерінің бірі, АТОМ жобасының Құрметті Елшісі Қаріпбек Құйықовта келді.

Бұл туынды КСРО мен АҚШ-тың ядролық сынақтары және ядролық полигондарға іргелес аумақтарда өмір сүрген халықтың денсаулығына келтірілген залал жайында әңгімелейді. Сондай-ақ бұл фильмде екі елдің белсенділері мен сынақ құрбандары болған адамдардың басын қосқан “Невада-Семипалатинск” ядролық сынақтарға қарсы қозғалысының Семей ядролық полигонын жабуға және басқа полигондарда барлық ядролық сынақтардың біртіндеп тоқтатылуына қалай әсер еткені көрсетілді.

Бұл деректі фильмде Н. Назарбаевтың Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты бастауға және оған қол қоюға іргетасын қалаған, ядролық қару-жарақтан ерікті түрде бас тартуы туралы стратегиялық ақталған және саяси тұрғыдан көреген шешімінің гуманистік маңызына және халықаралық қауымдастықтың бұл шешімді қалай қабылдағанына ерекше назар аударылған.

Поделиться с друзьями: