M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti Азия-Тынық мұхит өңіріне өз есігін айқара ашуда

2019 жылдың 25-29 наурыз аралығында M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti-нің делегациясы Азия-Тынық Мұхит халықаралық білім қауымдастығының он төртінші жыл сайынғы конференциясына (Asian Pacific Association for International Education (APAIE) Conference and Exhibition, Куала-Лумпур, Малайзия) қатысты.

APAIE — жыл сайын өтетін конференция және бүкіл әлемдегі елдердің жоғары білім саласындағы өкілдерін біріктіретін және ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға бағытталған Азия-Тынық мұхит өңіріндегі ең басты кәсіби шара болып табылатын көрме.

KAZGUU делегациясының алдына Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі ретінде университетпен таныстыру, ғылым әрі білім саласында ұзақ мерзімді әрі жан-жақты ынтымақтастық үшін ең ірі азиялық және батыс білім беру мекемелерінің арасында жаңа әріптес табу және азиялық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу секілді міндеттер қойылды. KAZGUU өкілдері әріптестік қарым-қатынастарды орнату мақсатымен Азия-Тынық мұхит технологиялар және инновациялар университетіне (APU) барып, Австралия, Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Үндістан, Макао, Малайзия, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Тайвань, Түркия, Филиппин, Франция және Жапония секілді елдердің университет өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастықтың ықтимал жобаларын талқылады.

Сондай-ақ Университет делегациясының мүшелері тәжірибемен алмасуға, дүниежүзілік ғылыми-білім кеңістігінде жоғары оқу орындарын ілгерілету мәселелері бойынша халықаралық сарапшылардың консультацияларын алуға және оқытуға бағытталған конференцияның ауқымды бағдарламасына да қатысты.

Қазіргі таңда Университет жақын және алыс шетелдегі сексеннен астам жоғары оқу орнымен әріптестік қатынастарын орнатты және бұл тізім үнемі жаңартылады. KAZGUU Unıversıteti оқудағы, сабақ беру мен зерттеудегі интернационалдандыруды дамыту өзінің негізгі стратегиялық міндеті деп көреді. KAZGUU Unıversıteti-нің білім беру қызметі еуропалық білім сапасының стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

2019 жылы KAZGUU Unıversıteti тағы екі халықаралық шараға қатысуды жоспарлайды: Еуропалық халықаралық білім қауымдастығының EAIE-2019 атты жыл сайынғы конференциясына (Хельсинки, Финляндия) және халықаралық білім саласындағы NAFSA-2019 көрмесіне (Вашингтон, АҚШ).

Поделиться с друзьями: