Кешегі талапкерлер жаңа студенттік өмірге алғашқы қадам басып, оқу орнының табалдырығынан аттайды. Астанадағы жоғары оқу орнының бірінші курс студенті болып өзінің жеке жолын бастап, оқу орнын тәмәмдағаннан кейін табысты әрі кәсіпқой маман болуды армандайды. Жаңа өмірге, академиялық ортаға қалай тез бейімделу, тиісті машықтарды иелену, сыни ойлауды дамыту жайында – Жалпы білім беру пәндері мектебінің директоры Рақымбек Жолаев сұхбаттасу барысында әңгімелейді.
– Рақымбек Қуатбекұлы, Жалпы білім беру пәндері және тілдік даярлық мектебінде оқудың қандай айырмашылықтары мен артықшылықтары бар?
– Жалпы білім беру пәндерінің мектебі 2014 жылдың тамыз айында құрылды. Университет басшылығы алдымызға қойған басты міндет – жалпы білім беру пәндерінің бағдарламасы бойынша бірінші курс студенттерін даярлау. Қазіргі таңда Мектебіміз Университеттің барлық мамандықтарын қамтиды. Біз әрбір студенттің табысты оқуына, сондай-ақ оның тұлғалық әрі кәсіби өсуіне де барынша жағдай жасап, бүкіл оқу деңгейлерінде студенттердің академиялық сауаттылық машықтарын қалыптастыруға, жас ұрпақтың санасына рухани-адамгершілік құндылықтарын сіңіруге, студенттердің азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігін тәрбиелеуге тырысамыз.
Мақсатымыз – кәсіби ортаға бейімделуге қажетті академиялық дағдылары мен әлеуметтік құзыреті бар жігерлі, сауатты, жан-жақты дамыған, тәуелсіз мамандарды тәрбиелеу. Болашақтағы жоспарда –студенттерді академиялық даярлаудың халықаралық стандарттардың талаптарына сай келетін ғылыми-әдістемелік және ғылыми-зерттеу орталығына айналу.
– Мектептегі ішкі оқу процесі қалай ұйымдастырылған? КАЗГЮУ-дың бірінші курс студенттері қандай мамандықтарды меңгереді?
– Жаңа оқу жылында Мектеп жалпы білім беретін топтамадағы пәндерді қамтитын семестрлік оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Жаңа студенттер Қазақстан тарихын, философияны, информатиканы және басқа да пәндерді оқитын болады. Білім беру бағдарламасы кешенді әдіске негізделген және студенттердің сауаттылығын, коммуникация және ынтымақтастық, сыни ойлау дағдыларын, ең негізгі зерттеушілік дағдыларын, төзімділік сезімін, әдеп нормалары тұрғысынан ойлану машығын қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
Айта кетерлік, аталған курстар жалпы білім беретін бағдарлама аясында Университеттегі білім беру процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Ең үздік нәтижеге қол жеткізу үшін Мектеп өз білімі мен тәжірибесімен студенттермен бөлісе алатын ең білікті мамандарды шақырып, олардың дәрістерін ұйымдастырады. Одан бөлек, оқу орнымызға отандық ғылым мен мәдениеттің танымал қайраткерлері жиі келіп тұрады. Жаңа бастамаларды іске қосудамыз. Мәселен, екі жылдан бері біз жастардың отансүйгіштігін тәрбиелеуге бағытталған «Мәңгілік ел» атты бірегей білім беру-патриоттық, мәдени-тарихи жобасын жүзеге асырамыз.
– Бұл жоба жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?
– Бұл жобаның ұзақ мерзімді сипаты бар және студенттік ортада отандық мәдениет пен тарихты дәріптеуге, сәулет ескерткіштері мен ұлттық дәстүрлерге құрметті тәрбиелеуге бағытталған. Жоба аясында бірінші курс студенттері еліміздің тарихы мен мәдениеті жайлы білім алады, ата-бабалар мұрасымен, салт-дәстүрлермен етене танысады. Қолданылатын әдістеме оқу бағдарламасын анағұрлым тиімді меңгеруге көмектеседі және заң бағыты бойынша білім алып жатқан студенттердің Қазақстан тарихын зерттеу кезінде практикалық тәжірибесіне жағдай жасайды.
Кезінде Қазақстанның тарихи орындарына көшпелі экскурсияларды ұйымдастыру идеясының авторы КАЗГЮУ-дың экс-президенті Мақсұт Нәрікбаев болған. Ол студенттердің адамгершілік және патриоттық санасын тәрбиелеу жайында алаңдап, қазақстандықтардың жас буынына еліміздің тарихы мен құндылықтарына деген құрмет пен жауапкершілік сезімін баулу үшін қолынан келгенше көмектесті. 2014 жылдан бастап Мектептің білім беру бағдарламасына «ХІХ – ХХ ғасырлардағы қазақ зиялы қауымының рухани-адамгершілік патриоттық мұрасы» атты сабақ енгізілді. Жобаның ұзақ мерзімді сипаты болғанын және ең алдымен, жастар ортасында отандық мәдениет пен тарихты түсіндіріп таратуға, жас ұрпақтың қазақ халқының мәңгі құндылықтарына деген патриоттық сезімін тәрбиелеуге бағытталғанын атап өткені жөн. Оған қоса, студенттердің театрландырылған қойылымдарға қатысуы экскурсия барысында алған ақпаратты бекітуіне көмектеседі, бұл қойылымдарға қатысқан студенттер сахнада тарихи тұлғалар мен ұлттық батырлардың рөлін сомдап, қазақ тәуелсіздігін қалыптастырудың ең маңызды кезеңдері мен оқиғалар хронологиясын жаңғыртады.
– Рақымбек Қуатбекұлы, Мектептегі білім беру бағдарламасының сапасы қалайша бағаланады?
– Тұрақты негізде. Бұл іспен арнайы құрылған Академиялық сапа жөніндегі комитет айналысуда, аталған Комитет жалпы білім беру дайындығы бағдарламасының сапасын бақылау, университеттің академиялық саясатының нормалары мен ережелерін сақтау, оқу бағдарламалары мен силлабустарды әзірлеу, емтихан сессиясын өткізу және т.б. академиялық сипаттағы мәселелерді қарайды. Комитеттің құрамына оқытушылар мен бағдарламалардың үйлестірушілері кіреді. Олар жаңа оқу әдістемелерін енгізу мәселелерін шешеді, семинарлар мен тренингтерді, тәжірибемен алмасу бойынша шебер-сыныптарды ұйымдастырады. Мәселен, осы жылы біз Назарбаев Университетімен интерактивті оқу әдістемелеріне бағытталған академиялық хат, тілдік пәндер бойынша бірлескен әдістемелік семинарларды өткізудеміз. Жалпы алғанда, оқытушыларымыз авторлық бағдарламаларды өздері оқып, жазады. Одан кейін олар сол бағдарламаларды әрі қарай жүзеге асыруға қатысады, PDP курстарында оқиды, сертификаттау бағдарламаларынан өтеді, өзінің кәсіби біліктілігін үнемі арттырады.
– Бірінші курстағы студенттік өмір жайлы айтып беріңізші? Қазіргі талапкерлерді не күтуде?
– Талапкерлер үшін біз кәсіптік бағдар апталығын жоспарлаудамыз, аталған апта барысында біз студенттерге алдағы студенттік өмір жайында әңгімелейміз, кабинеттерді көрсетеміз, оларды Мектеп басшылығымен және оқытушылармен таныстырамыз, Университеттің академиялық саясатын түсіндіреміз. Оқу бағдарламасы бойынша сабақтар 1 қыркүйектен басталады. Үлкен курстардағы студенттердің көмегімен ұйымдастырылатын «Студенттерге арнау» деп аталатын шара студенттік өмірдің ең жарқын оқиғаларының бірі болып саналады. Алдағы оқу жылын біз «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100-жылдығы» оқиғасына арнауды жоспарлаймыз.
– Әңгімеміздің соңында болашаққа деген жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?
– Бірінші кезекте студенттердің сыни ойлау қабілетінің деңгейін көтеру міндетіміз тұр. Себебі 2016-2017 оқу жылында «Сыни ойлау», «Сыни ойлау негіздері» атты жаңа пәндер енгізілмек. Осы пәндерді оқу процесіне енгізу үшін біз күрделі жұмыс жүргіздік. Нақтырақ айтқанда, біз осы салада жинақталған тәжірибесімен және әдістемелерімен бөлісе алатын оқытушыларды, студенттерді және шетелдегі әріптестерімізді шақырып, сыни ойлауды зерттеу бойынша бірнеше рет семинарларды өткіздік.
– Жаңа пәндерді енгізу қажеттілігі немен айқындалған?
– Сыни ойлау студенттер мен оқытушылардың интеллектуалдық, коммуникациялық, ұйымдастырушылық және дәстүрлі әрі инновациялық оқу процесі аясында базалық және кәсіптік құзыреттерді дамытуға мүмкіндік беретін басқа да тәжірибеге ие болуына көмектеседі. Бұл пәндерді оқу оқытушылар мен студенттердің сындарлы ынтымақтастығына бағытталған және студенттің оқу процесіне белсенді қатысуын, сондай-ақ психологиялық шиеленісті жоятын жағымды жағдай жасауды көздейді. «Сыни ойлау» технологиясы бойынша жұмыс істеп, студенттер өз проблемаларын өз бетінше шешуді үйрену мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін толығымен жүзеге асыра алады, сондай-ақ өз жұмысын бағалау әдістерін меңгереді.
Менің ойымша, жоғары оқу орындарының түлектері ертеңгі күні табысты кәсіпқойлар болу үшін қазақстандық білім беру жүйесінде бұл бағытты дамыту қажет. Қазіргі заманғы, қарқын дамып келе жатқан және жылдам өзгеретін дүниеде туындаған проблемалық жағдайдың мәнін тез түсіну ғана емес, ал сонымен бірге одан шығу амалын дереу және нәтижелі табу дағдыларын меңгерген мамандар қажетті.
– Рақымбек Қуатбекұлы, сұхбатыңызға рақмет, жоспарларыңызға сәттілік және жаңа оқу жылында табысқа қол жеткізуіңізді тілейміз!
Материалды КАЗГЮУ-дың Маркетинг бөлімі дайындады.