Қайырымдылық шахмат турнирі

29 қазан күні КАЗГЮУ Университетінде қазақтың талантты шахматшы қызы Динара Садуакасова бір мезгілді ойынның қайырымдылық сеансын өткізеді, оның барысында шахматшы қызымен кешкі ас ойнатылады.

29 қазанда Астанада қазақстандық шахматшы Динара Садуакасова 25 тақтада бір мезгілді ойынның қайырымдылық сеансын өткізбекші. Әлем чемпионына қарсы ойнағысы келетіндер кіру жарнасын енгізуге тиіс. Турнирде жиналған қаражаттың барлығы қайырымдылыққа жіберіледі.

Сондай-ақ турнир аясында лотереяның ұтыс ойыны өткізіледі. Белгілі соманы енгізіп, лотереяға кез келген адам қатыса алады. Үш лот ойнатылмақ: Динара Садуакасоваға қарсы жеке партия, Динара Садуакасованың Шахмат академиясында бір ай бойы тегін оқу және шахматшы қызбен кешкі ас. Қайырымдылық сеансы 29 қазан күні сағат 15.00-де КАЗГЮУ ғимаратында басталады.

Динара Садуакасова әр түрлі жастарда шахмат бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болып табылады. Үстіміздегі жылдың тамыз айында ол 20 жасқа дейінгі қыздардың арасында әлем чемпионы атанды. Айта кетерлік, 31 қазанда Динара Садуакасова 20 жасқа толады.

Поделиться с друзьями: