Т. Нәрікбаев: Жоғары оқу орындары біліктілігі төмен мамандарды даярлағаны үшін ақшаны бюджетке қайтаруға тиіс

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Adal Bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жобалық кеңсесінің басшысы, KAZGUU Unıversıteti-нің басқарма төрағасы Т. Нәрікбаев мамандарды сапасыз даярлағаны үшін жоғары оқу орындарының жауапкершілігін енгізуді ұсынды, – деп хабарлайды «Спутник» агенттігі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда гранттық қаржыландыру рәсімін қайта қарау қажеттілігі туындады. Дәлірек айтқанда, педагогикалық және медициналық жоғары оқу орындарының практикасына сәйкес мемлекет есебінен білім алған түлектер мамандар тапшылығы бар өңірде, оның ішінде ауылдар мен аудандарда жұмыс істеуге тиіс.
«Талдау жүргізген кезде біз мемлекеттік ұлттық оқу орындарында конкурс деген атымен жоқ екенін байқадық. Студенттерге кілең төрт пен бес қойылады, кейде олар үш алып қалуы мүмкін, ал екі деген баға мүлдем қойылмайды екен. Бітіру пайызы өте жоғары. Яғни, бірінші курсқа түскен 100 студенттен 90-95 адам диплом алып шығады. Ал қалған 5-10 адам – өз қалауымен оқудан шығып кеткендер. Нәтижесінде мемлекет осал дайындалған көптеген түлектерге ие болады, жұмыс берушілер сол себепті оларды жұмысқа алғысы келмейді. Қалтасында дипломы бар түлектер болса, өздерін тым жоғары бағалап, жұмысқа барғысы келмейді», – деп мәлімдеді Университеттің Ректоры.
Осы түйіннің шешімі ретінде Т. Нәрікбаев мамандардың сапасы мәселесінде жоғары оқу орындарының жауапкершілігін бекітуді ұсынды, тіпті бюджеттік қаражатты мемлекетке қайтару жөнінде ұсыныс жасады.
Қазіргі таңда ЖОО-лардың жауапкершілігі туралы ұсыныс Білім және ғылым министрлігінде қаралуда.

Поделиться с друзьями: