КАЗГЮУ Университетінің түлектері Қазақстан дамуына өз үлесін қосуға дайын

Кеше КАЗГЮУ Университетінде салтанатты түрде түлектерге дипломдар табысталды.

Биыл Экономика жоғары мектебі мен Құқық жоғары мектебін 533 бакалавр бітірді, ал Жоғары оқу орнынан кейінгі оқыту және халықаралық байланыстар институтын 141 магистрант пен 1 докторант тәмәмдады.

Фемида алаңында түлектерге өз ізгі тілегін КАЗГЮУ Ректоры Талғат Нәрікбаев және салтанатты шараға қатысқан қонақтар білдірді – Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу, АХҚО басқарушы директоры Саясат Нұрбек және “Атамекен” ҚР ҰКП Іскер әйелдері кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова. Шәкірттерінің өміріндегі бұл сәтті бөлісуге оқытушылармен қатар ата-аналары, жақын туыстары мен достары жиналды.
Осы жылы КАЗГЮУ Университеті өзінің жеке үлгідегі дипломдарын 279 бакалавр мен 68 магистрантқа табыстады. СIМА, IQAA, ACCA, НКАОКО секілді халықаралық және ұлттық аккредиттеу рейтингтік агенттіктерінің тануы арқасында КАЗГЮУ 2016 жылдан бастап жеке үлгідегі дипломдар мен сертификаттарды шығарған Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны.

Қалыптасқан дәстүр бойынша білім ордасының ең үздік 28 түлегінің, яғни оқу озаты, белсенділер, халықаралық және республикалық конференциялар, олимпиада, семинар жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері КАЗГЮУ-дың Алтын кітабына жазылды. Марапаттау рәсімі барысында жиналған қауымды өз өнерімен отандық эстрада жұлдыздары тәнті етті. КАЗГЮУ Университетінің түлектері үшін Марсель Алсеитов пен Қайрат Баекенов арнайы шақырылды.
Марапаттау аясында түлектердің Фемида алаңындағы “шеруі” өтті, “тілектер капсуласы” салынды. Салтанатты рәсімнің соңында түлектер білім ордасының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамына оқу барысында алған білімдері мен дағдылары үшін алғысын білдірді.

Поделиться с друзьями: