Елімізде қазақ тілін креативті оқытып жүрген үздік ұстаздар анықталды

18-19 сәуір күндері M.S. Narikbaуev atyndaǵy KAZGUU Universiteti Қазақ және орыс тілдері департаменті оқытушылары мен Қазақ тілін креативті оқыту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен мектеп, колледж және университет мұғалімдері, оқытушылары арасында «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» республикалық байқауы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін анықтау, қазақ тілін креативті оқытудың бірыңғай базасын дайындау, мемлекеттік тілді үйретудің ерекше және қалыптан тыс тәсілдерін БАҚ арқылы көпшілікке насихаттау.

Аталған білім ордасындағы Қазақ және орыс тілдері департаментінің координаторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Дүсіпбаеваның айтуынша, байқауға еліміздің барлық өңірінен, атап айтқанда Ақмола облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Семей, Өскемен, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Атырау, Орал сынды қалалардың білім ордаларынан жалпы саны 43 білікті де тәжірибелі оқытушылар мен ұстаздар қатысты.

«Байқауды алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырдық, жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Мысалы, осы жылғы байқауға еліміз бойынша жалпы 500-ден астам адам өтініш білдірді, І кезеңде видео талап еткенде 200-ге қысқарды, сол ұстаздардың ішінен ІІ кезеңге 43 оқытушы өтті», – деп атап өтті Қарлығаш Дүсіпбаева.

Қазақ және орыс тілдері департаменті координаторының сөзінше, жылдан жылға байқаудың сапасы артып келеді.

«Көш жүре түзеледі» демекші, жыл өткен сайын байқаудың ауқымы кеңейіп, сапасы артып келеді. Ұстаздардың креативті оқытуға деген қызығушылығының ұлғайғанын көріп отырмыз. Енді келесі жылы осы байқауымызды халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік желі арқылы байқауымызды көрген шетелдік ЖОО өкілдерінен ұсыныс түсіп отыр», – деді байқаудың ұйымдастырушысы.

Республикалық байқаудың І кезеңінде қатысушылар қазақ тілін креативті оқытуда қолданатын әдіс-тәсілдері ұсынылған видео сабақтарын Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, II кезеңге жолдама алу мүмкіндігіне ие болды. ІІ кезеңге өткендер 18 сәуір күні белгілі бір тақырып бойынша эссе жазу конкурсына қатысты. 19 сәуірде байқау нәтижесі бойынша қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдіс-тәсілдері мен инновациялық идеялар ұсынған және эссе жазуда жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаздар анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша жалпы 6 ұстаз жеңімпаз атанды.

1-орынға Семей қаласынан келген М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы Сара Қалиева лайық деп танылды.

2-орынды екі оқытушы өзара бөлісті: олардың бірі елордадағы №53 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзат Сағындықова болса, екіншісі – Атырау қаласы №13 Д. Байбосынов атындағы ұлттық мектеп-гимназиясының қазақ тілі оқытушысы Тұрсынгүл Идрисова.

Ал 3-орын үш креативті оқытушыға бұйырды: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектебінің ұстазы Индира Ахметова; Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен келген Мейрамгүл Сүлейменова, сондай-ақ елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен қатысқан Амангүл Байшагирова.

Айта кетейік, байқаудан ешбір қатысушы құралақан қайтпады. Ұйымдастырушылар оқытушыларды ынталандыру мақсатында байқау жеңімпаздарымен қоса, білім сайысында сынға түскен қатысушылардың барлығын түрлі дәрежелі дипломдармен, арнайы сыйлықтармен, сондай-ақ «Үздік эссе», «Үздік әдіскер», «Креативті мұғалім», «Жаңашыл педагог», «Үздік видео», «Ұстаз бренді», «Жақсы сөз – жарым ырыс» номинациялары бойынша марапаттады.

«Жаңашыл педагог» номинациясын жеңіп алған Президент іс басқармасында қазақ тілін оқытып жүрген Ұлбала Каюпова байқауға өзінің шығармашылығын одан әрі дамыту үшін қатысқанын атап өтті.

«Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» байқауының өтетіні туралы ақпаратты Facebook желісінде көріп, бірден байқауға қатысамын, шығармашылығымды тағы да дамыта түсіп, өзімді сынап көремін деп шештім. Міне, бүгін «Жаңашыл педагог» номинациясының иегері болып отырмын. Бұл байқауға қатысу арқылы өз тәжірибемді екі есе еселедім. Байқаудың ұйымдастырушыларына үлкен алғыс айтамын», – деде Ұлбала Каюпова.

Қазақ тілі оқытушысының сөзінше, байқаудың басты мақсаты – қазақ тілін, мемлекеттік тілді үйретудің ең үздік әдіс-тәсілдерін жинақтап, Фейсбук желісіне жариялау арқылы оқытушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына жағдай жасау, сонымен қатар креативті оқытудың тәсілдерін пайдаланатын ұстаздардың ортасын құру.

«Бүгінгі байқауда «Жаңашыл педагог» номинациясын жеңіп алдыңыз, ұстаздармен сынға түскенде өзіңіздің қандай жаңашыл әдіс-тәсіліңізді ортаға салдыңыз?» деген сұрағымызға тіл маманы қолдағы саусақтарды пайдалану әдісімен де тілді меңгеруге болатынын айтып, жауап берді.

«Сабақтарымда адамның дене мүшелерін пайдалану арқылы өзге ұлт өкілдерінен құралған аудиторияға қазақ тілін тез меңгеруді үйретіп жүрмін. Мысалы, байқауға жолдаған видеосабағымда «Жылдың төрт мезгілі», «Уақыт» деген тақырыптарды қарапайым түрде қолдағы саусақтар арқылы да үйретуге болатынын көрсеттім», – деп сөзін түйіндеді Ұлбала Каюпова.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Мемлекеттік тілді дамыту қоры байқауға демеушілік көрсетті.

Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: автордан
Дереккөз:https://baq.kz/news/othernews/elimizde-qazaq-tilin-kreativti/?fbclid=IwAR2VhswEtP2F6O-Q5KPiX753hID1zDFEcsfzX8GzJUA8rqWE5OsRsx4thRM

Поделиться с друзьями: