Астана тұрғындары КАЗГЮУ-дың қайырымдылық жобасына қолдау білдірді

Астаналық саябақта қаржы институттары мен ұлттық компаниялардың өкілдері, қоғамдық қайраткерлер мен КАЗГЮУ Университетінің студенттері және басқа да елорда тұрғындары қатысқан қайырымдылық жүгіру өтті. Барлық қатысушылар Астана мен Ақмола облысы мектептерінің түлектеріне жоғары білім алуға көмек көрсету бойынша жобаны іске асырып жатқан «Эндаумент КАЗГЮУ» корпоративтік қорының бастамасына үн қатты.

Спорт әуесқойлары бес және он шақырымға жүгіріп жарысты және арқан тарту мен армрестлинг жарыстарында күш сынады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен грамоталар табысталды. Сондай-ақ FIGHT, йога және зумба топтық сабақтары ұйымдастырылды.

Осыған дейін хабарланғандай, бұл шара «Эндаумент КАЗГЮУ» қорының қайырмдылық қызметі аясында өтті және марафоннан түскен бүкіл қаражат Астана қаласы мен Ақмола облысы мектептерінің дарынды түлектерін және әлеуметтік қауқарсыз топтардың өкілдерін оқытуға жұмсалады. Одан басқа, іс-шара барысында жүгірудің бас демеушісі HEALTH CLUB & SPA GRAND PRIX компаниясы көп балалы отбасыдан шыққан оқушыға, астаналық мектептің түлегіне КАЗГЮУ-да оқуға грант бөлгені белгілі болды.

Бес шақырым қашықтыққа жүгіру жеңімпазы Бодауханов Ермек (TengriBank) болды, оған HEALTH CLUB & SPA GRAND PRIX компаниясынан отыз мың көлемінде ақшалай жүлде табысталды.

Он шақырым қашықтыққа жүгіру жеңімпазы Токбанбетов Кудайберген (НурБанк) атанды, оған HEALTH CLUB & SPA GRAND PRIX компаниясынан елу мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Күзде КАЗГЮУ Университет елорданың барлық тұрғындарын қамтып, ауқымды жүгіруді жоспарлайды.

Поделиться с друзьями: